Он екі айдың сұлтаны, ораза айы елімізге қайырлы-құт болып келсін. Ораза айы – әр бір мұсылманың тек қана ауыз бекітіп бармен жоқтың қадірін білуі ғана емес жамандық атаулыдан арылып, нәпсіні тиып жаратушы иеге құлшылық ететін қасиетті ай. Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті айда Шет тілдер және іскерлік карьера университеті ұжымы, университет басшысы Сабри Хизметли мырзаның басшылығымен біршама игілікті де қайырлы іс-шаралар өткізілді.

Ораза айының оқу жылының соңына келуі, студенттеріміздің жас маман ретінде оқу ордасынан түлеп ұшуы, елімізге жаңа да тың еңбек күшінің қосылуы, бәрі-бәрі осы айда сәтімен келді.

Ораза айы бойынша ректорымыз Сабри Хизметли мырза университет ұжымы мен студенттеріне арнап бірнеше рет «ауызашар» дастарханын жайып, олырдың ризашылығына бөленді. Күні бойы еңбек етіп, талып-әлсіреген сәтте кешкісін университет асханасы алдында, зәулім шынар ағашынын аясында, төңірегіне әр түрлі жарықтармен нұрландырылған үстел басында оқылған азанмен бірге ауыз ашу – бір ғанибет.

Университет ұжымы кешкі «ауыз ашар» дастарханы басында көңілді әңгіме-дүкен құрысып, шаршағандарын басып, бір сәт тынықты. Бұл –  адамдар арасындағы, ұжымдар арасындағы жылы қарым-қатынастың бекем болуының бір көрінісі.

Ауыз ашар дастарханына арнайы келген Түркия Республикасының Қазақстандағы Алматы бас Консолы Рыза Каған Иылмаз мырза және оның ұжымы, Еуразия ғылыми-зерттеу институты директоры Невзат Шимшек мырза және оның ұжымы, Түрік стандарттар институтының Қазақстандағы координаторы Расим Илмаз мырза, Алматы Қазақ-Түрік гуманитарлық технологиялар колледжі директоры Арынова Айгүл ханым ұжымымен, Қазақстан-Түркия Халықаралық лицейі директоры Даулетбаева Эльмира ханым ұжымымен, тағы да басқа сыйлы қонақтар қатысты.

Университет ректоры келген қонақтарға алғысын білдіре отырп, білім мен ғылымның негезі тәрбиеде екеніне тоқталып ораза айының рухани тәрбие жөнінің маңызды екенін айтып өтті.

Қонақтар университет басшысы Сабри Хизметли мырзаға, ұжымына алғысын айтып ризашылығымен тарқасты.