Тарихы

УНИВЕРСИТЕТІМІЗ: ӨТКЕНІ, БҮГІНІ, БОЛАШАҒЫ

 

         Шет тілдер және іскерлік карьера университеті Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 05. 04. 2001 26985-1910-М-Е нөмірлі шешімімен Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы білім, ғылым және мәдениет келісімдерінің нәтижесінде Алматыда құрылған. Университеттің құрушысы Қазақстан Республикасының заңы бойынша заңды тұлға  саналатын «Орта Азия Мәдениет қоры» болып табылады. Бұл қордың құрылтайшылары  Қазақстан және Түркия Республикаларының азаматтары. Сондықтан да Орта Азия Мәдениет қоры да, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті де халықаралық ұйым болып есептеледі.

     Шет тілдер және іскерлік карьера университеті тарихта түп тамыры бір Түркия мен Қазақстан арасында білім мен мәдениет көпірі, жаңа заманның ғылыми және технологиялық жаңалықтарын қазақ жастарына таныстыру, сапа, тәртіп, тәрбие жағынан үлгі болуды көздеген.

10 жылдық мерейтойын тойлап отырған оқу орны жоғары кәсіби білім беру саласындағы уақыт ағымына сай алға қойған міндеттерді табысты шешіп, халықаралық деңгейдегі оқу орны ретінде білім және ғылым саласындағы үлкен жетістіктерге қол жеткізуде.

Еліміздегі білім беру ісін реформалаудың стратегиялық міндеттерін атқаруда, шығармашылық тұрғыдан ойлай білетін дара тұлғаларды қалыптастыратын жаңа ұлттық модельді дамытуда университет әкімшілігі мен ұжымы аянбай еңбек етуде.

       

 Университет 10 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, бітіруші түлектердің 93% -ы алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасса, дәріс беретін 148 оқытушының 144-і (97,2%) штатта жұмыс істейді. Оның 55,5%-ның ғылыми дәрежесі бар.

Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің инфрақұрылымы 3 оқу корпусы,   еуростандартқа сай заманауи жабдықталған жатақханадан тұратын кешенді қамтиды.

   Бірінші оқу корпусының жалпы көлемі - 5599,1 кв.м, пайдалысы – 3120,1 кв.м. Екінші оқу корпусының жалпы көлемі - 9212,1 кв.м, пайдалысы – 6492,9 кв.м. 2011 жылы қолданылуға берілген бұл оқу корпусының құрылысына Түркия Республикасының ТИКА мемлекеттік ұйымының демеушілігімен 5,5 млн АҚШ доллары бөлінді. Сонымен бірге оқу дәрісханаларына, жатақханаға, асханаға қажетті жиһаздардың барлығы Түркия Республикасынан ТИКА ұйымы мен «Орта Азия мәдениет қорының» көмегі арқылы алынды. Үшінші оқу корпусы да (жалпы көлемі: 9212,1 кв.м., пайдалысы - 6492,9 кв.м.²), ТИКА мемлекеттік ұймының 7,5 млн. АҚШ долларын бөлу есебінен салынды. Бұл оқу корпусында оқу дәрісханалары, электронды кітапхана, жастар клубы, конференцзал, оқытушыларға арналған пәтерлер, автопаркинг қамтылған. Оқу корпусы маусым айында қолданылуға беріледі.

Оқу үдерісін, соның ішінде ғылыми және ғылыми-педагогтік кадрларды даярлау ісін ұйымдастыру үшін 75 оқу дәрісханасы, 12 компьютерлік сыныптар, 12 мультимедиялық сыныптар, 2 лингафон кабинеті пайдаланылады. Студенттердің тұрмысына қолайлы жатақхана 2350 м² жалпы аумақты қамтиды, еуростандартқа сай жабдықталған жатақханада 3 уақыттық тамақтандыру көзделген. Оқу корпустарында 120 орындық студенттік буфеттер және 350 орындық асхана жұмыс жасайды. Корпустың ішінде қысқы спорт залы бар.

     Университетте мәулана халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша түрлі мемлекеттерден: Монғолиядан, Германиядан, Қытай Халық Республикасынан, Ресейден, Пәкістаннан, Палестинадан, Ауғанстаннан, Түркиядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Түркменстаннан студенттер білім алуда.

     Қазіргі уақытта Шет тілдер және іскерлік карьера университеті ғылым, білім беру салалары бойынша өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында ірі мемлекеттердің (Түркия, Қытай, Украина, Ресей, Египет, АҚШ, Ұлыбритания, Испания, Грузия, Венгрия, Монғолия, Әзірбайджан, Араб елдері, Катар мемлекеті, Қырғызстан) т.б. 90-нан астам жоғары оқу орындарымен келісімшарттар жасалған.

      Жыл сайын Түркиядан, АҚШ-тан, Ресейден, Египеттен, Пәкістаннан, Әзірбайжаннан, Испаниядан, Венгриядан, Қырғызстаннан шетелдік ғалымдар, профессорлар, оқытушылар академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 1 және 2 семестр бойынша дәрістер оқып, тәжірибе алмасады.

       Шет тілдер және іскерлік карьера университеті 2005 жылы құрылған күнінен бастап студенттерге әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетуге ерекше мән беріп келеді. Жыл сайын ҰБТ-дан жоғары ұпай жинаған студенттерге демеушілер бөлген ішкі гранттар бөлінеді, жетім балаларға, мүгедектерге, көпбалалы және тұрмыс жағдай төмен отбасынан шыққан студенттерге 5-50 пайыз көлемінде жеңілдіктер жасалуда.

       2011-2012 оқу жылында Білім және ғылым министрі еліміздегі жоғары оқу орындары 2000 грант бөлгендігін, соның ішінде 634 гранттың (1,5 млн.доллар 1 жылға) біздің университетке, яғни Шет тілдер және іскерлік карьера университетіне тиесілі екендігін баса айтты.

       Биылғы оқу жылында 720 студент 5% - дан 50 %-ға дейін жеңілдікпен оқиды. Сонымен бірге 2011-2012 оқу жылы бойынша Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған «ЖОО гранты» бойынша олимпиададан жеңіске жеткен тұрмыс жағдайы төмен 3 оқушыға грант бөлінді. 2012-2013 оқу жылы бойынша жоғары ұпай жинаған талапкерлерге 60 грант берілді. 2014-2015 оқу жылы бойынша 2109 студенттің 252-і ішкі грант бойынша тегін білім алса, 2- мемлекеттік грант негізінде, 3-Президенттік шәкіртақы бойынша, 558 студент 5 пайыздан 50 пайызға дейінгі жеңілдік бойынша білім алуда. Бұл дегеніңіз демеушілердің көмегімен 300 000 000-350 000 000 теңге грант үшін, 150 000 000 теңге жеңілдік үшін қаражат бөлінеді. Жыл сайын Қазақстанға 2 млн доллар көлемінде инвестиция түсіп отыр, 2005 жылдан 2015 жылға дейін 25 млн доллар инвестиция әкелінді. Яғни Шет тілдер және іскерлік карьера университеті инвестиция әкелу арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына үлкен үлес қосып отыр.

Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру, ғылым және мәдениет қарым-қатынастарын нығайтуды негізгі мақсаттарының бірі қабылдаған, «Сапалы тәлім және саналы тәрбие мен нақты тазалық» символы негізінде Қазақстанның білім және ғылым стандарттарына сай іс-шаралар өткізген Шет тілдер және іскерлік карьера университеті жыл сайын 100 грант және 12 пункт бойынша жеңілдік беру арқылы қазақ жастарына әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау, заманауи талаптарға сәйкес жатақхана, асхана және кітапхана сынды әлеуметтік - мәдени орталықтарымен қызмет көрсету, бакалавриат студенттері және магистранттарға шетелде тәжірибе алу, пікір алмасу мүмкіндіктерін беру, ұтқырлық жүйесі арқылы жыл сайын 80-100 студентін шет елде грантпен білім алуын қамтамсыз ету, жас мамадар тәрбиелеу және ғылыми-мәдени жобалар іске асыру сияқты іс-шараларды іске асырумен Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында ерекше орын алады.

     Университет студенттеріне өндірістік тәжірибені таңдау мүмкіндігі беріледі. Студенттер Түркияда, Қытайда, Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда және еліміздің жетекші ұйымдарда, іргелі фирмаларында тәжірибе алмасады.     Студенттер мен магистранттар академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан, атап айтқанда Түркия, Қытай, Ресей елдерінен тағлымдамадан өтеді. Қазіргі таңдағы бәсекелестіктің өсуі, экономиканың қарқынды дамуы; постиндустриалдық, ақпараттық қоғамға көшу процесі; мәдени әрі экономикалық қатынастардың өзара ауқымының кеңеюі; адам капиталы мәнінің артуы, т.б. нәтижесінде соңғы жылдары жоғары оқу орындары өзінің келбетін өзгертті. Осы жайттарды ескере отырып, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті тәуелсіз Қазақстанның жоғары мектебінің құрылуы мен қалыптасуына, оның әлемдік білім беру, ақпараттық және мәдени кеңістіктегі интеграциясына өлшеусіз үлес қосуда. Университет жетекшілігі профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру мақсатында Түркияның, Қытайдың, Украинанның, Францияның, АҚШ-тың, Үндістанның, Германияның, Ресейдің, т.б. жетекші жоғары оқу орындарына тағлымдамадан өтуі және ғылыми зерттеулерін басылымдардан шығаруы үшін университет тарапы демеушілік жасап отырады. Университеттің ұйымдастыру-басқару құрылымы стратегиялық мақсатты жүзеге асыру жолында табысты шешімдер жасайды. Университет құрамында ғылыми кеңес, оқу-әдістемелік кеңес, тәртіп кеңесі, деканат, жастар кеңесі, Күлтегін атындағы ғылыми-зерттеу институты, Алматы қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледжі, инновациялық-білім беру технологиялар орталығы, тестілеу орталығы, түлектер қауымдастығы, тіл орталығы, кітапхана, 5 кафедра, т.б. жұмыс істейді. 10 жылдық мерейтойын тойлап отырған Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің келешектегі мақсаты: әрі Қазақстанның, әрі дүниенің ең ірі жоғары оқу орындары қатарына қосылу, әлемдегі «Марка университеттердің» бірі де бірегейі болу. Демек, XXI ғасырға лайық білім ордасының нық сеніммен басқан қадамының жарқын болашағы зор.