КІТАПХАНА ТУРАЛЫ

 

                                                      
Кітапхана директоры
           Нургалиева Даметкуль Тушмалиевна
Кітапхана университет ашылған күннен бастап өз оқырмандарына қызмет етіп,  оқу және ғылым процестерін әдебиетпен және ақпаратпен қамтамасыз ететін университеттің жетекші құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Университет кітапханасы  бірінші корпустың бірінші қабатында, екінші корпустың екінші қабатында орналасқан.
       Бүгінгі таңда кітапхана өте бай қорға ие. Қордың құрамы отандық және шетелдік басылымдардан, анықтамалық, оқулық және ғылыми әдебиеттерден,  мерзімді басылымдар, аудиокітаптар, электрондық басылымдардан құралған. Кітаптар оқу залдары мен абонементтерде беріледі.
     Қорға түскен өдебиеттердің барлығы факультеттердің тапсырыстарына сай жинақталады. Қажет әдебиетке деген сұраныс кафедра меңгерушілерінен кітапхана директорына жіберіледі.     Әдебиеттерді алуға сұраныс қағазы тұрақты белгіленген форма бойынша орындалады.
        Кітап қорын жинақтауда университет қаржысымен қатар Университет Орта Азия Мәдениет Қоры және түрік компаниялары, жеке тұлғалар тарапынан қамтамасыз етіледі. Айта кетсек олар: «Орта Азия Мәдениет Қоры», «ТURKUAZ» фирмасы,«ТIКА» Түркия Республикасы Қазақстандағы Мемлекеттік ұйымы, «KZI BANK», Түркия Республикасы Білім министрлігі.
Кітапхана қазіргі заман талабына сай жаңа компьютерлермен және көшірме техникаларымен жабдықталған.
2008 жылдан бастап кітап каталогы «КАБИС» (Қазақтың автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйесі - ҚАКАЖ) бағдарламасы бойынша автоматтандырылған. Бұл бағдарламаны «Kazakh Soft» «Казах Софт» компаниясы шығарған. Жүйенің негізгі ерекшелік сипаттамасы - жылдам меңгеру мүмкіндігі, интерфейстің ыңғайлылығы, қазақ тілінде жұмыс жасау мүмкіндігі, (АРІ) бағдарламалық интерфейсінің жүйелілігі, код сенімділігі, әкімшіліктендіру мен жұмыс жасаудың қарапайымдылығы. ҚАКАЖ (Қазақтың автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе) Қазақстан Республикасының барлық стандарттарына сәйкес жоғары оқу орындарының кітапханаларына арналған.
2011 жылдан кітапхана оқырмандары Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының электронды білім беру мен ғылыми ресурстарын біріктіретін РЖООАЭК ( Республикалық  ЖОО аралық электронды кітапхана)қорын пайдалану  мүмкіндігіне қол жеткізді. Республикалық жоғары оқу орындарына арналған электронды кітапхананы  құрудағы басты мақсат – еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының электронды  оқыту ресурстарын бір ақпараттық жүйеге енгізу арқылы ондағы профессор, оқытушылар мен студенттерді кең әрі озық ақпарат қорымен қамту.
Бұл электронды кітапхана – жоғары оқу орындарының электронды  кітапханаларын біріктіру арқылы құрылған біртұтас деректер қоры. Нәтижесінде кез келген студент немесе оқытушы тек өзі оқып жатқан университеттің ғана емес, басқа да оқу орындарының кітапхана қорын пайдалануға мүмкіндік алады, яғни университеттер арасындағы өзара байланыс нығайып, ақпарат алмасу күшейеді. Бұл қорды топтастыруға университет кітапханасыда университет мұғалімдерінің еңбектерінің электронды жүйесін жіберу арқылы өз үлесін қосуда.
Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері шетелдік  әріптестерімен тәжірибе алмасу мақсатында  іссапарларға жиі шығып тұрады. 
Университет кітапханасы Туркия мемлекетінің «Еуразия кітапханашылар бірлестігінің» мүшесі.(Анкара.2012ж.)
Бүгінгі оқырман жастардың талабы да заман талабына сәйкес өте жоғары, олардың сұранысын қанағаттандыруға кітапхана қызметі жаңа деңгейде жауап беруге барлық жағдайды жасай бермек.
         Кітапхананы пайдалану ережесі
Бұл ереже кітапхана  мен кітапхананы пайдаланушылар арасындағы қатынасты реттейді.
Кітапхана белгілі уақытқа кітаптарды, мерзімді басылымдарды және т.б. материалдарды абонемент, оқу залдары арқылы оқырмандарға беріп отыруды ұйымдастырады.
Оқырманның университетке қабылданғаны туралы бұйрығы негізінде жасалған тізіммен, 3х4 см көлеміндегі              2 суреті, куәлігі болған жағдайда ғана оқырман оқырман билетін ала алады.
Оқырманға арнайы оқырман формуляры толтырылып, біріңғай оқырман билеті беріледі. Оқырман билетімен кітапхананың барлық абонементтерін, оқырман залдарын пайдалануға құқы бар.
Оқырман кітапхананы пайдалану Ережесімен танысып, оны орындауға міндеттілігін білдіріп,  формулярға  және өз билетіне қолын қояды.
Оқырман билетінің пайдалану мерзімі - 1 оқу жылы. Жыл сайын, жазғы сессиядан кейін   кітапхана оқырмандарды қайта тіркеуден өткізіп, пайдалану мерзімін созады. Ол үшін оқырман пайдалануға уақытша алған кітаптарын кітапхананың тиісті абонементтеріне өткізуі керек. Қайта тіркеуден өтпеген оқырман келесі оқу жылы кітапхананы пайдалана алмайды.
Оқырман кітаптарды, қажетті материалдарды алған кезде оны тексеріп, көрген кінараттарын кітапханашыға айтуы керек, өйтпеген жағдайда басылымдардың  бүлінгеніне оқырман жауапты болады.
Кітапхананы пайдалану ережесін бұзғаны немесе оның қорына залал келтіргені үшін, қолданып жүрген заңдарға және кітапхананы пайдалану ережесіне сәйкес оқырман әкімшілік, азаматтық-құқықтық (материалдық) жауапкершілікке тартылады.
Оқырман жоғалтқан немесе бүлдірген басылымдар орнына құны мен мазмұны жағынан бірдей басылымдармен немесе кітапханашының келісімі бойынша кітап орнына кітап өткізеді. 
        Абонементті пайдалану ережесі
Абонементте әдебиеттер үйге пайдалануға беріледі.
Оқырман сұраныс берерде билетін көрсетіп, өзі толтырған сұраныс қағазына немесе кітап формулярына қолын қояды.
Үйге пайдалануға берілген әдебиеттердің мерзімі шектеулі:
оқулықтар оқу жоспары мен бағдарламасына сәйкес бір семестрге немесе бір оқу жылына беріледі;
ғылыми әдебиеттер 2 аптаға беріледі және саны 3 данадан артық болмауы керек;
көркем әдебиеттер 15 күнге беріледі және саны 2 данадан артық болмауы керек.
Оқу жылының соңында 30  маусымға дейін оқырман барлық кітабын өткізуге тиіс.   
 Оқырманның басқа сұранысы болмаса, қолына алған басылымдардың мерзімін создыруына болады.
Энциклопедия, анықтамалар, диссертациялар, сирек кездесетін және құнды кітаптар тек оқу залына беріледі. Қордағы жалғыз дана, не болмаса соңғы кітап үйге берілмейді.
Кітапты өткізгенде оқырманның сұраныс қағазы қайтырылып беріледі.
Оқу залын пайдалану ережесі
Оқу залында әдебиеттер оқырманға билеті бойынша беріледі.
Оқу залында оқырманның сұраныстарына шектеу қойылмайды. Бірақ бір мезгілде сұраныс көбейтіп кетсе, шектеу болуы мүмкін.
Оқу залынан әдебиеттерді алып шығуға болмайды.
       Оқырмандарға рұқсат етілмейді:
кітапхана тәртібін және оқу залдарында тыныштық бұзуға;
әдебиеттерді өзге біреудің билетімен алуға немесе өзінің билетін басқа біреуге беруге;
оқырман қолын қоймай,кітапханадан әдебиеттерді алып шығуына;
кітапхана басылымдарын бүлдіруге (парағын жыртуға, сызып белгілеуге, мұқабасын сындыруға);
сапасыз түптелген кітаптарды көшірме аппаратынан өткізуге;
кітап қорына,  оқу залдарының кітап қорына,  қызмет бөлмелеріне кіруге.
Кітапхананы пайдалану Ережесін өрескел бұзған жағдайда, оның мәліметтері  деканаттарға беріледі.