Шет тілдер және іскерлік карьера университеті Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, 23-24 қазан күндері   ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын негізге алып,  қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап өтті.  «Қазақ хандығының 550 жылындағы Қазақстан және қазақ халқы»  атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға  Қазақстанмен қоса  Түркі әлемі мен ТМД елдерінің ғалымдары қатысты. Конференцияда қазақ хандығының 550 жылындағы Қазақстан, қазақ халқы, қазақ хандығының құрылуының саяси-әлеуметтік маңызы, қазақ хандығының ғылыми және мәдени мұрасы, тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесіндегі оң өзгерістер қамтылды. 

Конференцияда Түркия Республикасының  Алматыдағы Бас Консулы  Риза Каған Иылмаз қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаудың маңыздылығына тоқтала келе, Қазақстандағы бірлік пен ынтымақтың жарасуы Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанып отырған оң саясаты екендігіне баса назар аударды.    Университет ректоры, доктор, профессор Сабри Хизметли:  «Қазақ тарихындағы хандық дәуірі»  атты мақаласында «Осы іс-шаралардың негізгі мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ішкі саясатын қолдау және жастарымызды ұлтшыл қасиетте тәрбиелеуге өз үлесімізді қосу болып табылады. Сондықтан, бұл мақсатымызды іске асыруда іс-шарамызға қатысып, қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімдігімен қатысушыларға, баяндамашыларға, Қазақстаннан және шетелден келген қонақтарға, ұйымдастырушыларға ерекше алғысымды білдіремін. Қазақ хаңдығының саяси және мәдени мұрагері болған Тәуелсіз Қазақстан мәңгі болсын!», - дей келе, ұйымдастырылып отырған шараның өзектілігіне тоқталды.  

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шарада ғылыми практикалық конференциямен бірге, талантты студенттер арасында өнер және спорт олимпиадасы  өтті.  Олимпиада төңірегінде төмендегідей іс-шаралар: үстел тенисі, шахмат, қол күресі, гір көтеру, арқан тарту ұйымдастырылды, спорт түрлерімен бірге университетаралық арулар сайысы өтті.

Сайысқа 10-нан аса университет спортшылары мен арулары қатысты.  Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап  өткізген  «Қазақ аруы» атты сайыста  көркіне ақылы сай түскен 13 арудың ішінде ең үздігі ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінен қатысқан Айтжанова Қазына танылса, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика университетінен, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінен, Қазақ Спорт және туризм академиясынан қатысқан арулар 1, 2, 3-орындарды иемденіп, жүлделі орындар мен  бағалық сыйлықтарға  ие болды.

Әділқазылар алқасына төрағалық еткен Республикалық жанұялық «Игілік» журналының Бас редакторы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі;    Айтенова Меруерт Әбдірайымқызы, арнайы дайындап әкелген сыйлығын Қазақ  Спорт және туризм академиясынан қатысқан Ерғалиқызы Гүлнұрға табыстады.       Түркия Республикасы Кастамону университетінің проректоры, доктор, профессор Әли Рафет Озкан осы конференцияда жасаған «Қазақ-түрік қыз ұзату дәстүрі»атты баяндамасы мен «Қазақ аруы» атты сайыста қойылған танымдық сұрақтардың үйлесіп, үндесіп  жатқандығын айта келе, қазақ қыздарының ибалылығына, сұлулығына, ақылдылығына тәнті екендігін атап өтті.

   Қазақстанның жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар ғылыми конференцияға қатыса отырып,   өнер және спорт олимпиадасын  тамашалады. Бұл басталған ізгі шараның жыл сайын жалғасын таба беруіне ниеттерін білдірді. Екі күнге созылған ғылым және мәдени шараның соңы студенттердің қатысуымен дайындалған мерекелік концертке ұласты.

 

 

     Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің

проректоры       Бейсенбекова Гүлназ